«Дара бала» мегажобасының кастингі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дара бала» мегажобасының кастингі басталды

18.05.2024

Ұлттық арнада - жаңа жоба. «Дара бала» телехабары білім, ғылым, өнер, спорт салаларындағы үздіктерге кастинг жариялайды. Қайталанбас қабілетімен көзге түскен таланттарды бір алаңға біріктіретін, Ұлттық арнаның төл туындысы туралы Айдана Қуантхан айтсын.

Кастингке келген балалардың бәрі талантты. Бірі ән айтып, би билесе, екіншісі қазақтың қара домбырасын серік еткен. Ал сегіз жасар Бексұлтан арнайы Алматы облысы Ұйғыр ауданынан келіпті. Зерек балғынның өзге өрендерден ерекшелігі қазақтың бата беру дәстүрін жетік меңгерген. Қазір өнерпаз оннан аса бата түрін жатқа біледі.

Бексұлтан Маратұлы, үміткер:

Абай Құнанбаевтың жас кезіндегі шапаны бұл. Бұны тіктіртіп сатып алдық. Бұл кастингке қатысып, өзімді елдерге таныту үшін. Ерекшелігім менің мәнерлеп оқу, домбыраны жақсы тарту.

«Дара бала» тележобасының мақсаты – еліміздің әр түкпіріндегі зияткер, шығармашыл таланттыларды іздеп тауып, олардың айрықша қабілеттерін көрерменге таныту. Танымдық бағдарламаға 3 жас пен 12 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатыса алады.

Еркебұлан Ернарұлы, үміткер:

Қазіргі көңіл-күйім жақсы. Бірақ ән айтқан кезде кішкене қобалжулар болды. Өйткені, кастингтен өте алмай қалсам не болады, өтсем не болады деген ойлар болды. Бұйырса кастингтен өтсем, актер, вокалист болғым келеді.

Сүлейман Мұратов, үміткер:

Өскенде Димаш Құдайберген ағама ұқсағым келеді және Қазақстанның туын биікке көтергім келеді.

70 минуттық жаңа жоба аптасына бір рет, «Балапан», «Қазақстан» арналарынан көрсетіледі. Ал үміткерлерден өтінім қабылдау «Балапан» арнасының сайтында 31 мамырға дейін жалғасады.

Балнұр Суенова, «Дара бала» жобасының редакторы:

Біз балалардың тек қана талантын көрсетіп, міне осындай бала бер деп жариялағымыз келмейді. Онымен қоса сол баладан кішігірім басқа балаларға үлгі болатындай мастер класстар өткізіп отырамыз. Мысалы, бала суретті жақсы салуы мүмкін. Екі минутта қалай сурет салды, техникалары мен фишкаларымен бөлісіп кетеді. Сондай рубрика болады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Бүгінгі кастингке келген үміткерлердің қарасы қалың. Ал осы уақытқа дейін еліміздің басқа аймағынан 500- ден астам баладан өтінім түскен. Іріктеуден өткен 150 талант келесі айда жобаның түсіріліміне қатысады. «Дара бала» бағдарламасы жаңа маусымда көрерменге жол тартпақ.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу