Ақтөбедегі «Аналар слетіне» 1200-ден астам әйел қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі «Аналар слетіне» 1200-ден астам әйел қатысты

21.09.2018

Бүгін Ақтөбеде «Аналар слеті» өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға республиканың түкпір-түкпірінен қоғам дамуына өзіндік үлес қосып жүрген 1200-ден астам әйел қатысты. Олар алдымен облыс орталығында салынған «Анаға тағзым» ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

-Нысан Ақтөбе қаласының жаңадан бой көтерген «Батыс 2» шағын ауданында орналасқан. Ананың ақ жаулығы іспетті етіп салынған ғимарат құрылысына  350 млн. теңге жұмсалыпты. Ал орталық алдына әсем ана мен бала ескерткіші қойылған.

Мұнда негізінен жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріледі. Болашақ ұрпақ үшін маңызы зор ғимаратты тұрғызу үшін ақтөбеліктер өздері қаржы жинады.

Күлпаршын Айдарханова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

- Ақтөбеліктердің барлығына рахмет. Ризашылығымызды білдіреміз.

Делегаттар слеттің ашылу салтанатынан соң неке сарайына барып, жас жұбайларды құттықтады. Шаңырақ көтерген  отау иелері ел аналарының қолынан неке куәлігін алды.

Қибат Жексенбаева, Ақтөбе қаласының  тұрғыны:

- Мұндай күнге сәйкес келгені біз үшін үлкен бақыт. Сол аналарымыздың жолын берсін, көпбалалы ана атануды бұйыртсын.

«Ананың балаға деген мейрімі-Отанға деген сүйіспеншіліктің бастауы.   Президенттің бұл сөзі ұрпақ тәрбиелеген біздер үшін үлкен міндет жүктейді»,- дейді жиынға қатысушылар.  

Зейнеп Ахметова, жазушы:

- Анаға қандай құрмет көрсетілсе де, бұл өмірде аздық етеді. Себебі, ана өмірге ұрпақ әкелуші. Әйел, ана қазақта отбасының ұйытқысы, алтын қазық берекесі, ағайын-туғанның ынтымағы. Осылай болып кете береді.

Әйелдердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыру, демографиялық саясат,  ұлттық тәрбие бүгінгі жиында кеңінен талқыланды.  Бір сөзбен айтқанда, бұл шара аналардың алып диалог алаңына айналды.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу