![29-тамызда елордада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтеді](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/5/article_52099.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Биыл Астана қаласының кәсіпкерлер Палатасы қалалық әкімдіктің қолдауымен алғаш рет ауқымды іс-шараны ұйымдастырып отыр.
Көрмеге елордалық бизнес-қауымдастығының белді майталмандарымен қоса, әйел кәсіпкерлер, сондай-ақ стартап жобаларының иелері қатыспақ.
Айта кету керек, Елбасы Жарлығына сәйкес, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап, «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының ұйымдастырылуы ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырылды.
Байқаудың басты міндеті – отандық тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларды халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.
Көрме барысында отандық тауар өндірушілердің өнімдері қалың көпшіліктің назарына ұсынылады. Сондай-ақ, қатысушылар: «Өңдірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымдары бойынша марапатталады.
Іс-шараның соңы байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаға ұласпақ, деп хабарлайды Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=29-тамызда елордада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/101784/)