Жаңа маусымда Ұлттық арна көрермендерін ерекше жобалар күтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа маусымда Ұлттық арна көрермендерін ерекше жобалар күтеді

01.12.2015
 Жаңа маусымда Ұлттық арна көрермендерін ерекше жобалар күтеді

«Hilton garden Inn Astana» қонақүйінде ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен БАҚ басшылары үшін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы телевизиялық өнімдерінің таныстырылымы өтті.

Шара «Қазақстанда жасалған!» тақырыбында ұйымдастырылды.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова сөзінде корпорация үшін мемлекеттік ақпаратттық саясатты орындаудың маңыздылығы мен Мемлекет басшысының 2015 жылдың атаулы күндерін өткізуге байланысты берілген тапсырмаларының маңыздылығына тоқталды. Олар - Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы және т.б.

 «Бүгін біз назарларыңызға 2015-2016 жылғы жаңа маусымдағы өнімдерімізді ұсынамыз. Бүгінгі кешіміздің тақырыбын арнайы «Қазақстанда жасалған!» деп атап отырмыз. Біздің үлкен шығармашылық-техникалық топ өткен жылғыдай жаңа маусымда да мемлекетті жан-жақты дамыту бойынша Елбасының берген тапсырмаларын аудиторияға түсіндіріп, жеткізуге күш салып келеді», деп атап өтті корпорация басшысы Нұржан Мұхамеджанова.

Қатысушылар  назарына ұзындығы 24 метр болатын Led-экран арқылы «Қазақстан», «Kazsport», «Балапан» телеарналарының, сондай-ақ, Қазақ радиосы, «Шалқар» ұлттық арнасы, «Classic», «Астана» радиоларының өнімдері қазіргі трендтегі жаңа үлгімен ұсынылды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемдік медиаиндустрияның тренді болатын барлық талаптарға сай жұмыс атқаруда. Осы бағыттағы  жобалардың барлығы позитивті және жасампаздық сипатта көрермендер мен тыңдармандар назарына ұсынылып келеді. Осы үдеден шығу үшін өндіріске жаңа идея мен тың технологиялар көптеп енгізілуде.

Таныстырылым барысында Нұржан Мұхамеджанова мемлекеттік ақпараттық саясат аясындағы қолдаулар арқылы құралып, жүйеленген кең көлемді жеке сериалдар тізбегіне ерекше назар аударды.

Жаңа маусымда Ұлттық арна көрермендерін Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін қалыптастыру мақсатында түсірілген «Арнайы өкілдер» сериалы мен қазақ халқының біртуар тұлғасы Жамбыл Жабаев туралы баяндалатын «Жамбыл» фильмі, елдегі азаматтардың тең құқығы мен жаңа мүмкіндіктерін насихаттайтын «Аяулы арман», Қазақстанның қазіргі таңдағы мерейлі отбасыларының өмірін суреттейтін «Алтын ұя» заманауи киноповесі, өмірден алынған шытырман оқиғадан құралған «Шырғалаң» көпсериалы көркем фильмі және басқа да жобалар күтеді.

«Қазақстан» телеарнасы эфиріндегі аудиторияның рейтинг көрсеткіші бойынша бүгінде отандық сериалдар алдыңғы орында.  

«Барлық құрметті қонақтар мен біздің көрермендерімізге, тыңдармандарымызға шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Сіздерге әр сәтте қуанышта болып, көтеріңкі көңіл күйде  жүріңіздер деген ыстық ықыласымды жеткіземін. Біздің ел үшін, елдің өркендеуі, болашағы үшін жасап жатқан ерен еңбегіміз жұртшылыққа шуақ сыйлап, жақсылыққа жетелей берсін. Барлығымыз құтты мекеніміз - Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жатырмыз»,- деді қорытынды сөзінде Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова.

Ресми бөлімнен кейін  қонақтар өзара пікірлесіп, жанды дауыстағы ән мен күмбірлеген күй тыңдап, жас домбырашылардың өнерін тамашалады. Шараның ең қызықты сәті телеарна жұлдыздарының орындауындағы әндер болды.

Хабарламаларға жазылу