Әкеңізге қандай сыйлық сыйлар едіңіз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкеңізге қандай сыйлық сыйлар едіңіз?

05.12.2015
Әкеңізге қандай сыйлық сыйлар едіңіз?

Әдетте, әкелеріміздің туған күніне сыйлық таңдау өте қиын. Сыйлық таңдарда оның сапалысын, пайдалырағын, ерекше әрі арзан болғанына басты назар саламыз. Сондай-ақ, бұл сыйлықтың әкемізге деген таза көңіліміздің белгісі болғанын да қалаймыз.

Әкеге сыйлықты оның қызығушылығына, ұстанымы мен көзқарасына сай таңдау керек. Негізгі сыйлықтар бірнеше топқа бөлінеді.

  • Әдеттегі;
  • Қызығушылығына қатысты;
  • Жан қалауына байланысты;
  • Эмоционалды.

 

Алдымен, Сіздің әкеңізге жоғарыдағы топтың қайсысы жақын екенін таңдауыңыз керек. Бір ескерері, көзқарасынан бөлек, оның жасына да назар аударған жөн.

  • 45 жастағы жас әкелер үшін компьютерлік техника немесе соған қатысты дүниелер: жарығы бар пернетақта, сымсыз тышқан, флэш-тасығыш құрал. Сонымен қатар, стильді қалам да таптырмас сыйлықтың бірі. Ал, кеңселік мини-гольф пен үстел үстіндегі түрлі ойындар жұмыстан бір ауық демалуға септігін тигізеді.
  • 50 жастағы әкелер үшін сыйлықты оның қызығушылығы, хоббиі және қызметіне байланысты таңдаған дұрыс. Ол мүмкін балықшыларға арналған резеңке етік, саяжайда демалғанды ұнататындар үшін арнайы гамак, қызметкер әкелер үшін ерекше қойындәптер немесе көлікке арналған түрлі техника (автомобильге арналған шаңсорғыш, компрессор немесе массаж қаптамалар) болуы мүмкін.
  • 60 жастағы мерейтой иесіне ең құнды сыйлық бұл – қолдан жасалған туынды. Мұндай жаста әсіресе, бар жанын салып жасаған  шығармашылық заттар ерекше әсер береді. Ол өз қолыңмен жасаған торт, үлкен  отбасылық фото-плакат, видеоқұттықтау, қарындашпен салынған портрет болуы да мүмкін. Сондай-ақ, массажды кресло, шаршап келгенде сергітетін аяққа арналған кішігірім ванна да ерекше сыйлықтар қатарында.

 

Интеллектуалды сыйлық

Бірқатар әкелер кітап оқығанды жақсы көреді. Сондықтан, әкеңіздің ең сүйікті авторының кітабын немесе лимитті сериямен шыққан кітапты сыйға тартсаңыз, қуанып қалары сөзсіз. Ал, егер әкеңіз техникамен «дос» болса, онда электронды кітаптың да пайдасы зор. Алайда, мұндай кітапты сыйламас бұрын, алдымен, онда әкеңіздің сүйікті авторының туындыларын көшіріп алу қажет. Сондай-ақ, логикалық тапсырмалар кітабы да таптырмас сыйлық. Айта кету керек, көп ел пазл жинағанды жақсы көреді. Сол себепті, отбасылық фотолардан құралған пазлды да көшіріп қойсаңыз, тіпті керемет.

 

Косметикалық сыйлық

Біреулер үшін косметикалық сыйлық жай көрінгенімен, басқалар үшін душқа және қырынуға арналған гель, сақал қырғыш ең тиімді сый. Бұл, ең алдымен нағыз керек заттар, оның үстіне қаражаттан қиналып тұрған болсаңыз, нағыз керек сыйлық та осы.

Тағы бір сыйлық ол – хош иісті одеколон немесе фирмалық парфюм. Бұл сыйлық ол үшін ең қымбат жанды еске салып тұрады.

 

Әдеттегі сыйлық

Кез келген әке жылы жемпір, әдемі галстук немесе «Ең керемет әке», «Өзі де, көңілі де жас», деген сынды жазулары бар жейдеге ерекше қуанатыны анық. Көбіне мұндай сыйлық қатарына:

  • Былғары сапалы белдік;
  • Портмоне, әмиян;
  • Көйлектің жеңіне тағатын әдемі түймелер мен галстук қыстырғыштар жинағы;
  • Жақсы қолшатыр;
  • Үйге және автокөлікке арналған құрал-саймандар жиынтығы;
  • Жылы жамылғы және үйде киетін аяқ киім жатады.

 

Хоббиге арналған

Әрбір адамның хоббиі болатыны белгілі. Сондықтан, егер сыйлық жасауда қиналсаңыз, оның қызығушылығына қатысты дүние сыйлағаныңыз дұрыс. Алдымен, әкеңіздің немен айналысқанды жақсы көретінін және оған не жетпей жүргенін анықтап алыңыз. Хоббиіне байналысты төмендегі сыйлықтардың бірін таңдауға болады.

  • Балық аулағанды жақсы көретін әкелер үшін ең оңтайлы сыйлық бұл – үрмелі резеңке қайық, қармақ немесе спиннинг, балықшыға керек заттар. Алайда, бұларды таңдағанды балықшылықтан хабары бар адаммен бірге жүрген жөн. Сондай-ақ, балықшылық туралы кітап немесе үлкен рюкзак та қажет дүниенің бірі.
  • Автокөлікті жақсы көретін әкелерге ең керегі – видеотіркегіш, GPS-навигатор, автомагнитола және құрал-саймандар жиынтығы. Сонымен қатар, шаңсорғыш пен сайман салуға арналған кішігірім чемодан да автокөлікке ең қажетті нәрселер.
  • Саяхаттауды жақсы көретін әкелерге керегі – сапалы шатыр, үрмелі матрац, пикникке арналған жиынтық, жиналмалы үстел-орындықтар. Ал, егер бұл жаңадан әдетке айналған қасиет болса, онда мангал, шампурлар жиынтығы да қажетті сыйлықтың бірі.
  • Саяжай тұрғыны үшін жиналмалы кресло, үй метеостанциясы және уақытты көңілді өткізу үшін радио таптырмас сый.

 

Ерекше эмоционалды сыйлық

Парашютпен секіру – әкелер үшін ең әсерлі сыйдың бірі.

  • Саяхаттауға арналған екі жолдама: әкеңіз бен анаңызға;
  • Парашютпен секіру (алайда, әкеңіздің жүрегі мықты, денсаулығында кінәрат болмағаны жөн);
  • Пейнтбол ойнауға және картингте сырғанауға арналған сертификат;
  • Қаладағы түрлі тарихи орындарға барып қыдыруға арналған билет.

Хабарламаларға жазылу