Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жобалардың авторлары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жобалардың авторлары анықталды

11.12.2015
Оқушылар арасындағы үздік инновациялық жобалардың авторлары анықталды

Шараны ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік және Қазақстандағы British Council компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.

Марапаттау рәсімі Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өтті.

«Алғаш  рет ұйымдастырылған бұл іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың инновацияға деген қызығушылығын арттыру, өнертапқыштар ұрпағының қалыптасуына ықпал ету. Байқаудың нәтижелеріне қарап, біз ол мақсатқа қол жеткіздік. Өйткені, жалпы байқауға 700- ден астам өтініш келіп түссе, соның ішінде 300-ден астамы оқушылардың жобаларынан құралып отыр» -  деді министр.

Байқау ұйымдастырушылары биылғы жылдың 28 қыркүйегінен 22 қарашасына дейін еліміздің барлық аймақтарынан өтініштер жинады. Сөйтіп, олардың саны  321 болды. 

Байқау екі жас санаты бойынша өткізілді: кіші санат (5-8 сыныптар) және жоғары санат (9-11 сыныптар немесе колледждің 1 және 2 курстары).

Байқаудың бас жүлдесі – Ұлыбританияға танымдық сапар. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар  тарапынан арнайы жүлделер қарастырылған. Қыздар арасындағы үздік жоба үшін арнайы жүлдемен Ақтөбе қаласындағы физико-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Альбина Әділханова «SPARK аспабының көмегімен фотосинтезді бақылау» жобасы үшін марапатталды.

Сондай-ақ, «Үйлесім теориясы» жобасы үшін Тараз қаласындағы Горький атындағы №13 мектептің оқушысы Исаак Мустопуло да арнайы жүлдені иеленді. Ауылды аймақтан қатысқан командаға берілетін арнайы жүлдені Шығыс Қазақстан облысы, Бобровка ауылының тумасы, «Глубокое ауылының жас техниктер станциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қатысушысы Никита Джапаров «Биогазды алуға арналған қондырғы» жобасымен жеңіп алды.

Кіші санат тобында Білім депозитіне арналған сертификат және гран-при – көктемгі каникул кезінде «Ұлыбританияға білім беру бағытындағы сапарға» бару мүмкіндігін Астана қаласының №66 орта мектебінің оқушысы Дастан Медер ғарыштық зерттеулер саласындағы жобасы үшін иеленді. Дастан Медер ортадан тепкіш күш көмегімен қалайша ғарыш кемелерінде жасанды гравитация жасауға болатындығын көрнекі мысал арқылы түсіндіріп берді.

Хабарламаларға жазылу