Қытай азаматы Якутиядан 11 аю табанын алып өтпек болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай азаматы Якутиядан 11 аю табанын алып өтпек болды

05.02.2016
Қытай азаматы Якутиядан 11 аю табанын алып өтпек болды

Кеденшілер Якутскі әуежайының халықаралық өткізу пунктінде   Қытайға аюдың 11 табанын заңсыз алып өту әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Благовещенск кеденінің баспасөз қызметі.

«Қытай азаматы алдын ала болжам бойынша аюдың 11 табаны мен терісін және тырнағын алып өтпек болды. Заңсыз тауардың жалпы салмағы 9,5 келіні құрайды. Тауар жолаушылардың кедендік декларациясында жазбаша түрде тіркелмеген»,-деп хабарлады ведомство өкілдері.   

Заңсыз тауар тәркіленіп, кедендік сараптамадан өткізу үшін оның бөлшектерін алу туралы акті жасалды. Оның нәтижесі бойынша әкімшілік іс қозғау туралы шешім қабылданады. Әзірге тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп жазады ТАСС агенттігі.

Баспасөз қызметінің өкілдері сонымен бірге, 2012-2015 жылдары благовощенскілік кеденшілердің бұлан, елік, аю сияқты өзге де бірқатар аңдардың денелерінің бөлшектерін алып өту әрекеттерінің жолын кескендігін мәлім етті.

Аюдың табаны Қытайда деликатес болып саналады, сонымен қатар, ол медицина саласында да үлкен сұранысқа ие. Кейбір жергілікті тұрғындар оның  ғажайып емдік қасиеттеріне де сенеді. Аюдың табанын сатуға жануарларды қорғау жөніндегі заңдарда тыйым салынған.

Хабарламаларға жазылу