![2018-2019 оқу жылынан бастап «Қазақстан тарихы» пәні тек қазақ тілінде оқытылады](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/5/article_57879.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде оқытылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ вице-министрі Такир Балықбаев мәлім етті.
«2018-2019 оқу жылынан бастап, барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде және бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылады деп жоспарлап отырмыз. Олар: информатика, химия, биология және физика пәндері», - деп түсіндірді Т.Балықбаев.
Сонымен қатар елдегі мектептерде ағылшын тілін оқыту сағаттары кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
«Бізде бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін бірінші сыныптардан бастап оқыту енгізілген болатын. Биылдан бастап, біз ағылшын тілін оқыту сағаттарын аптасына 1-ден 2 сағатқа дейін көбейттік. Біздің мақсатымыз - балалардың бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілінде сөйлесудің бастапқы деңгейін меңгеруін қамтамасыз ету. Оның үстіне 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда үш тілді оқыту моделі енгізілгеннен кейін, бірқатар пәндерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылады», - деді вице-министр.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=2018-2019 оқу жылынан бастап «Қазақстан тарихы» пәні тек қазақ тілінде оқытылады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/107281/)