Екі баланы өрттен құтқарып қалған Ғалымжан Әлеуханов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі баланы өрттен құтқарып қалған Ғалымжан Әлеуханов

04.03.2018

«Ақсауыт» хабарының жаңа маусымдағы алғашқы шығарылымы бейбіт күннің батырларына арналды.

Аталған хабардың кейіпкері - алапат өрттен екі баланы құтқарып қалған механик-жүргізуші Ғалымжан Әлеуханов.

Бұл оқиға 2017 жылдың 27-шілдесінде Алматы қаласының «Көкжиек» ықшам ауданында болған. Электр желісінен шыққан өрт санаулы минуттар ішінде көпқабатты үйдің жоғарғы жағына өрлей бастаған. Сол уақытта Нұрдәулет пен Бекжан есімді екі бала дәл сол үйдегі пәтерлердің бірінде болған.

Мәлік Нұрсапаұлы, Нұрдәулет пен Бекжанның әкесі:

- Өрт басталғанда біз жұмыста болатынбыз. Көршім маған қоңырау шалып, «Мәлік үй өртеніп жатыр, балаларың далаға шыққан жоқ», деді.

«Баламның айтуынша, бірден жарық өшкен. «Не болды екен?» деп, екеуі де жүгіріп шықса, астыңғы қабат өртеніп жатқан. Сөйтіп, қайта кері қашқан», - дейді Мәлік Нұрсапаұлы.

Жалынның күшті болғаны соншалық, өрт сөндірушілер 5-қабатқа кіре алмаған. Құтқарушылар үміт үзген сәтте кіші сержант Ғалымжан Әлеуханов кездейсоқ келіп қалған.

Ғалымжан Әлеуханов, механик-жүргізуші:

- 5-қабаттан өрт шыққанын өз көзіммен көрдім. Жол полициясы, өрт сөндірушілер болды. 200-300 адамның ішінде бір отбасының 2 бірдей баласы үйдің ішінде қалғанын естідім.

Осылайша, мән-жайды білген Ғалымжан шұғыл іске кірісіп, өз басын қатерге тігіп, 5 және 10 жастағы балаларды  өрттен құтқарып алған.

 

Хабардың толық нұсқасы

Хабарламаларға жазылу