Қазақ халқының батыры Амангелді Үдербайұлы Иманов - Қазақстанда 1916 жылы өріс алған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Ол 1873 жылы Торғай уезі Қайдауыл болысының кедей шаруа отбасында туған.
7 жасында әкесі, одан 5 жылдан кейін шешесі қайтыс болып, жастайынан жетім қалады. Ауқатты адамдарға жалға жұмыс істей жүріп, еңбекші халықтың тартқан қайғы-қасіретін, ауыр тұрмысын көреді. Оның бойында қоғамда тереңдеп кеткен әлеуметтік теңсіздік пен езгіге деген өшпенділік осы кезден-ақ қалыптаса бастады.
Елім деп егіліп, ерлі туын қолынан түсірмеген Амангелді Иманов - сол кездегі патшаның отаршылдық саясатына, алым-салықтың көбеюіне ашынып, халықтың бас көтеруіне себепкер болған даңқты қолбасшы. Ұйымдастырушылық қырымен танылған ол Торғай қазақтарының көтерілісіне қатысушы 50 мыңға жуық сарбазды басқарып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз ететін шеберханаларды да жасақтады. Иығына мылтық іліп, атқа қонған, қол астындағы сардарларына ұрыс жүргізу тәсілдерін үйреткен батыр жауынгерлік өнердің де хас шебері болды.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Бүгін Амангелді Имановтың туғанына - 145 жыл&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/114478/)