М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров студия қонағы болып, театр әлеміндегі тың жаңалықтармен бөлісті.
«Биылғы жыл театр фестивальдарына толы жыл. Өткен жылы елімізде «ЭКСПО-2017» шеңберінде 5 фестиваль өтсе, биыл сол шаралар жалғасын табуда.
Елорданың 20 жылдығына орай Дүниежүзілік Астана театр фестивалін өткізгелі отырмыз. Бұл жолғы фестивальдің географиясы да кеңейіп жатыр. Елімізге Ресей, Литва, Грузия, Ұлыбритания, Сербия, Жапония, Германия, Қытай, Өзбекстан елдерінің театрлары келеді. Фестиваль 16-29 маусым аралығында өтеді. Жабылу салтанатында француз актрисасы Жюльет Бинош моноспекталь қойып, мастер-класс өткізетін болады.
Фестиваль ЭКСПО қалашығында, Бейбітшілік және келісім сарайында, Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың, М. Горький театрының, Астана Жастар театрының сахналарында өтеді», - дейді қонақ.