![«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамы тағы да бір жаңа телеарнамен толықты](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/1/article_117836.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ойын-сауықтық «Tamasha TV» телеарнасының тұсауы кесіледі.
Жаңа телеарна OtauTV және iDTV пакеттерінде HD форматында қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта басқа да кабельдік операторларда SD форматта таратылатын болады. Бүгінгі күні спутниктік ОТАУ ТВ операторының аудиториясы шамамен 900 000-ға жуық болса, ID TV-ді 400 мыңнан астам абонент қолданады.
«Tamasha TV» телеарнасының эфирі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ішкі телеөнімімен толықтырылатын болады. Айта кетсек, арна «Әзіл әлемі» «Жайдарман», « Хаха-шоу», «Әзіл Man», «Көңілді тапқырлар алаңы», «Қызық екен», комедиялық телехикаялар және т.б қызықты жобаларды ұсынбақ.
Сондай-ақ, жаңа телеарнаның ашылуымен телерадиокорпорация мұрағатында жылдар бойы сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен шыққан танымал ойын-сауықтық бағдарламалар эфирге қайтадан оралатын болады. Жаңа телеарна отандық телевизия әлемінде ойын-сауықтық, әзіл-сықақ жанрындағы бағдарламаларды кеңейтуді көздейді. Телерадиокорпорация алдын ала теленарықты зерттей келе, ойын-сауықтық контенттің көрермен арасында үлкен қызығушылық пен сұранысқа ие екенін ескерді.
«Tamasha TV» телеарнасының орташа тәуліктік хабар тарату уақыты 22 сағатты құрайтын болады. Жаңа арнаның директоры болып Есен Елеукен тағайындалды.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамы тағы да бір жаңа телеарнамен толықты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/114939/)