Жеті ата жүйесі туралы не білесіз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті ата жүйесі туралы не білесіз?

05.12.2018

Қазақ халқын өзге ұлттан  даралап тұратын дәстүрдің бірі де бірегейі – жеті ата ұстанымы мен ұрпақ шежіресі. Жеті ата тәртібі туыстық, ағайындық бірлікті, ынтымақты арттырады. Бастысы, батыс ғалымдары енді ғана дәлелдеп жатқан қан тазалығының кепілі бола алады. Ертеде балаға 7-9 жасынан бастап ата тегін үйрету міндетті болған.

«Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Әгәр олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт». Бұл Жәнібек ханның Жарлығы. 

Сол заманда жеті атаға толған күннің өзінде бір рудың жастары некелесетін жағдай туса ру ақсақалдары бозбиені сойдырып, бір пәтуға келіп, баталасып барып рұқсат беретін болған. Осылайша жеті атадан үш жүзге дейінгі біртұтас туыстық бітім бірнеше ғасырлар бойы қазақ халқы бір атаның баласы, бір тамырдан тараған деген ұстанымды орнатқан.

«Әйел алсаң – төрт рудан алысты ал, Ол болмаса – ей, азамат, қалыс қал». Ж.Баласағұн.

Ағайын арасындағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектіліктің негізі болған жеті атаны рет-ретімен дұрыс санаудың да өз жолы бар.

Қазақ даласында туысына немесе қан жақындығы бар адамға үйленген жігітті қатаң жазалап, тіпті елінен алысқа қуып жіберетін заң болған деседі. Бұл ұлт тазалығы мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің қамы екені белгілі.

Туысы бірдің - уысы бір. Ғалымдар жеті атаға дейінгі ұрпақ алмасу шамамен біржарым ғасырға созылатынын дәлелдеп отыр. Ал осы дәстүрді елемеудің салдарынан туындайтын мыңнан аса ауру түрінің бар екендігін ескертіп дабыл қағуда.

«Жеті ата не үшін керек? Біріншіден, қан тазалығы. Екіншіден, жеті атаға дейін адамдар бір-біріне туыс болады. Исламдық ұғым бойынша «омырау ембесе болды» деп ағасының баласын, қарындасының қызын алып жатса, ислам шариғаты оған жол береді. Ал, бұрынғы бабаларымыздың ұғымы бойынша мұндай туыстықтан береке кетеді. Елдің іші бүлініп, ауызбіршілік жойылады деп жол бермеген. Ата-бабамыз жеті өзеннен өтіп барып қыз алысу керек деген», - дейді филология ғылымдарының докторы Дүкен Масымханұлы.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу