![Айгүл Елшібаева: Ұлттық арнада дәстүрлі өнерді ұлықтайтын бағдарламалар бұған дейін де болды](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/1/article_123199.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
13 қаңтардан бастап әр жексенбі сайын «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Ұлы дала сазы» атты жаңа жоба шығады.
Музыкалық жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу. ⠀
«Дәстүрлі өнерге жол осыдан екі жыл бұрын «Мен қазақпын» жобасы арқылы ашылды. Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі өнер эстрадалық бағдарламалардың арасынан шығып қалып жүрсе де, халықтың зор ықыласына бөленіп келді. Бұл – өлмейтін, қазақтың қанында бар рухты өнер. Дәстүрлі ән мен күйдің, жыр-терменің әр заманда өз жаршысы болды.
Ұлттық арнада бұған дейін де 25 минуттық «Терме», «Толғау» атты бағдарламалар шығып тұрды. Ата-бабамыздан келе жатқан өнерді біз осындай насихат арқылы сақтап қалуымыз керек. Қазақтың ұлттық музыка өнерінің дамуы «Ұлы дала сазы» арқылы жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын», - деді жаңа бағдарламаның таныстырылымына қатысқан дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева.
Сондай-ақ, әнші музыка өнеріндегі жан-жақтан қосылып жатқан ағынның арасынан ұлттық дүниені аршып алып қалуға осындай бағдарламалардың мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Айта кетсек, «Ұлы дала сазы» жобасының түсірілімі барысында 180-ге жуық шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Айгүл Елшібаева: Ұлттық арнада дәстүрлі өнерді ұлықтайтын бағдарламалар бұған дейін де болды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/115498/)