«Qazaqstan zamany» газеті «Qazaqstan dauiri» болып өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan zamany» газеті «Qazaqstan dauiri» болып өзгерді

14.01.2019

«Qazaqstan zamany» аталып келген газет «Qazaqstan dauiri» деген жаңа атауға ие болды. Газеттің жаңа атауы не әкелмек? Газеттің жаңа жылға жоспары қандай?

Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі Ертай Айғалиұлы Алматы студиясының қонағы болып, сауалдарға жауап берді.

«Біздің газет – Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының бірі. Тәуелсіздік алған жылы Түркия Президенті Тұрғыт Озал мен Елбасымыз бүкіл түркі елдерінің алтын көпірі болсын деп «Заман Қазақстан» газеті ашылып, алғашқы редакторы Қалтай Мұхаметжан болды. Содан бері газет халқымыздың үлкен көзайымына айналды. Кейіннен ол «Қазақстан заманына» ауысты.

Газет қай кезде болса да ұлттық мүдде, қазақ елінің жағдайына қатысты мәселелерді көтереді. Жаңа жылда жаңа айдарлар ашылып жатыр. Олардың бірі «Әкім бол, халыққа жақын бол» айдары. Жалпы, өзіміз түйіндеп, он сауал ұйымдастырдық. Облыс, өңір бойынша әкімдерге көкейтесті мәселелер жіберіледі. Одан кейін оқырмандар газеттен сол сауалдардың жауаптарын оқитын болады.

Жүрналист үнемі қозғалыста, ізденісте болуы керек. Жақында үлкен экспедиция ұйымдастырамыз. Ел, облыс, аудан, ауыл аралап, өзекті деген мәселелерді көтереміз. Елімізде 7 мыңдай ауыл бар екен. Әр ауылдың проблемаларын көтеруге ниеттіміз. 24-25 қаңтарда Астанада дөңгелек үстел ұйымдастырып, депутаттарды, министрлік өкілдерін, зиялы қауым, ауыл басшыларын шақыртып, осы проблемаларды ортаға саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Биыл - жастар жылы. Осыған орай жас журналистерге «Сен лапылдап жанбасаң...» арнайы айдар ашылды. Журналистер ел аралап, ауылдың жағдайын сезінулері керек», - дейді қонақ.

 

Бағдарламаның толық нұсқасын мына жерден көре аласыз.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу