![Мемлекет басшысы Асқар Мамин мен Дариға Назарбаеваны қабылдады](https://cdn.qazaqstan.tv/2019/9/30/1569839358268.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Мамин мен Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Премьер-Министр Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері, шетелдік инвестицияларды тарту барысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру, өңірлерді дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Сондай-ақ Асқар Мамин Президентке 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы жайында да ақпарат берді. Мемлекет басшысы Премьер-Министрге қазан айының ортасында өтетін экономикалық даму мәселелеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.
Сенат төрағасы Президентке Парламенттің жоғары палатасы жұмысының жай-жапсары мен заң шығару қызметінің жоспары туралы айтты. Президент Жолдаудың негізгі бағыттарын сапалы заңнамамен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Мемлекет басшысы Асқар Мамин мен Дариға Назарбаеваны қабылдады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/117198/)