![Еліміздегі меморгандарда «цифрлық» вице-министрлер тағайындалады](https://cdn.qazaqstan.tv/2019/11/26/1574744515955.png?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарланып отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалив Үкімет отырысында айтты.
«Заманға сай технологияларды тиімді түрде енгізу мақсатында 2018 жылы Елбасының келісімімен 5 министрлікте «цифрлық» вице-министрлер тағайындалған еді. Олар: Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері мен салық-кедендік қызмет органы. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда цифрландыру кеңселері құрылды», - деді ол.
Министрдің айтуынша, аталған шаралар бюджет түсімін арттырып, шығыстарды қысқарту тұрғысында 2018 жылы 218 млрд теңге, 2019 жылы 9 ай ішінде 305 млрд теңге қосымша табыс әкелген.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес қосымша Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне 3 «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарлануда», - деді Асқар Жұмағалиев.
inform.kz
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Еліміздегі меморгандарда «цифрлық» вице-министрлер тағайындалады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/119522/)