ҚР Қорғаныс министрлігінің генералы парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Қорғаныс министрлігінің генералы парамен ұсталды

04.02.2020
ҚР Қорғаныс министрлігінің генералы парамен ұсталды

ҚР Қорғаныс министрлігінің генералы жүйелі түрде пара алу күдігімен ұсталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің баспасөз қызметі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікпен Қорғаныс министрлігінің Кадр және әскери білім беру департаментінің бастығы, ҚР Қорғаныс министрлігінің генерал-майорын әшкереледі», - делінген таратылған ақпаратта. 

Ведомство мәліметінше, қызметтік саласы мен міндеті бойынша кәсіби даярланған әскери кадрларды іріктеу мен орналастыруға, ескерту-алдын алу жұмыстарын жүргізуге, өз қатарларында тазалықты қамтамасыз етуге және жеке құрамның іс-әрекеттеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға міндетті жоғары лауазымды шенеунік жалпы қамқорлығы мен қызмет бабында алға жылжуы үшін қол астындағылардан қомақты мөлшердегі параны жүйелі алу күдігіне іліккен. 

«Күдікті кінәсін мойындады және қорғаушының қатысуымен іс жүргізу келісімін жасау туралы өтініш білдірді. Осы жылдың 31 қаңтарында күдіктіге қатысты үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдіктінің кінәсінің дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады», - делінген хабарламада.

Хабарламаларға жазылу