![Бірқатар өңірде ауа райына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін](https://cdn.qazaqstan.tv/2020/2/4/1580797973704.jpeg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты.
Ол қазір елорда мен ШҚО-ның екі ауданында қардың көптігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл режимнің жағдай тұрақталғанша сақталатынын ескертті.
«Ақмола облысында да төтенше жағдай жарияланады деп болжап отырмыз. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, сонымен қатар Қарағанды облыстарында жағдай күрделі», - деді Беккер.
Комитет төрағасының айтуынша, бүгін таңертең 13 өңірде дабылды ескерту жарияланған. 23 жол учаскесі, соның ішінде респубикалық маңызы бар 13 тасжол таңғы 08:00-ге дейін жабық болды.
«Қазір республикалық маңыздағы барлық учаске ашық. «Қазгидрометтің» алдағы аптаға жасаған болжамы көңіл көншітерлік емес, ауа температурасы көтеріліп жатыр. Мұның соңы бұрқасын мен боранға әкеп соғады», - деді Беккер.
Ол Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жаңбыр жауғанын, сондықтан қазір жолда көктайғақ екенін айтты. Сол себепті төтенше жағдай қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Бірқатар өңірде ауа райына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/122309/)