Қаржы пирамидасына қатысты тағы үш адамға іздеу жарияланды. Сонымен қазір іздеуде жүргендердің саны 12-ге жетті. Күдіктілердің екеуі шетелге қашып кеткен. Олар Ресей мен Қырғызстанда жүруі мүмкін деген ақпарат бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлап отыр. Ал былықтың басы-қасында жүргендердің 15-і қамауға алынды. Бүгін Шымкентте «Естэйт Ломбард» компаниясының филиал директоры ұсталған видео тарады. Ал тінту жұмыстары кезінде 30-дан астам көлік пен 21 пәтер және 3 үйдің құжаттары табылған. Олардың бәріне бұғат қойылды. Оңай олжаны көздегендер елдің 13 өңірінен кеңсе ашқан. Алаяқтарға алданғандардан түсіп жатқан арыздардың саны да артып отыр. Үш мыңнан асты. Жалпы, алаяқтар қазақстандықтарға 5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Тінту барысында оның 40 миллион теңгесі тәркіленді.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қаржы пирамидасына қатысы бар 2 күдікті шетелге қашып кеткен&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/123601/)