![Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады](https://cdn.qazaqstan.tv/2020/3/21/1584776098140.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз. Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең.
Биыл біз Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтіп жатырмыз. Оның өзіндік себебі бар. Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық. Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев еліміз алдында тұрған барлық сынақтардан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімділік білдірді.
«Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын. Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», - делінген құттықтауда.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/124754/)