Күн өткен сайын індеттің өршіп бара жатқанын статистика айтып тұр. Ал Атырау мен Павлодар облыстарында адамдар дереу оқшауланып, ауруханаға жатқызылды.
Атырауда бүгін анықталған 3 адам елордадан, Ыстамбул және Амстердамнан келген. Олармен байланыста болғандардың бәрі оқшауланды. Облыста 41 адам карантинде жатыр.
Жамбыл облысында да қатерлі індет жұқтырған тағы 2 адам тіркеліп, науқастар саны үшеу болды. Олардың бәрі де Қырғыз елінен келген.
Сондай-ақ, «COVID-19» инфекциясын Қарағандыда тағы екі адам жұқтырды. Олар 18 наурызда Минск-Нұр-Сұлтан рейсімен Франциядан ұшып келген анасы мен қызы. Осылайша, өңірде науқастар саны 4-еуге жетті. 295 адам карантинде.
Павлодарда да вирусқа шалдыққан бір науқас тіркелді. 1988 жылғы жігіт Нұр-Сұлтан қаласында болып, сырқаттанған адаммен байланыста болған.
Ал Шымкент қаласында індет жұқтырған 2 науқастың мекен жайы орналасқан аумақ, екі аптаға карантинге жабылды. Олармен байланыста болғандардың бәрі оқшауландырылған.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Індет анықталған өңірлердегі ахуал&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/124941/)