Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Континенталь Логистикс» серіктестігінің көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар.
Мемлекет басшысына бүгін Сауда және интеграция министрі, Ауыл шаруашылығы министрі және елорда әкімі үшеуі кезекпен есеп берді. Бәрінің айтқаны бір мәселе. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын реттеу, көкөніс өнімдерін, бидай мен ұн жеткізу және онымен халықты дер кезінде қамтамасыз ету.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей Төтенше жағдай кезінде азық-түлік тауарларын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ерекше мән берілетінін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көрші елдер көмек сұраса, Қазақстан оларға қолұшын беруге әзір екенін жеткізді.
Президент Үкіметке өңір басшыларымен бірлесіп, азық-түлік бағасын қымбаттатпауға, алыпсатарлардың жолын кесіп, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.
Еркін СЪЕЗҰЛЫ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Президент азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/125323/)