Әлеуметтік желілерде тараған адамдарды чиптеу туралы ақпарат жалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желілерде тараған адамдарды чиптеу туралы ақпарат жалған

06.05.2020

Елімізде коронавирустың таралуы азайып келеді. Мәселен, соңғы үш күнде ауырғандардың өсімі 4 пайыздан аспаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқастардың 85 пайызы қалыпты, 14 пайызы орташа жағдайда. Ал 25 сырқат ауыр хәлде, 6 науқас өте ауыр жағдайда. Айта кетейік, індет жұқтырғандардың 57 пайызы скринингтік тест арқылы анықталған. Сондықтан, тестілеу жалғасуда. Қазір тәулігіне 19 000 тест жасалса, айдың соңына дейін 25 000-ға жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ министрлік соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған халықты жаппай вацинациялау мен чиптеу туралы ақпараттарды жоққа шығарды. Мәселен, оңтүстікқазақстандық оқушылар мен студенттерді чиптеу басталады деген де видео желдей ескен. Одан бөлек, адамның қолына чип салып жатқан фотолар мен аудиожазбалар тараған. Онда «Карантин тамыз, қыркүйекке дейін созылып, шаршаған халыққа вакцина ретінде чип салынады, тек сол адамдар ғана көшеде жүре алады»,- деп айтылған. Министрлік мұның барлығы жалған екенін айтып, оны таратқандар жазаланатынын мәлімдеді.

Амангелді СЕЙІТХАН 


Хабарламаларға жазылу