Тимур Сүлейменов құбылып тұрған валюта бағамына байланысты пікірін білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тимур Сүлейменов құбылып тұрған валюта бағамына байланысты пікірін білдірді

07.09.2018

Қытаймен ғана емес, әлемнің жалпы кез келген елімен арадағы экономикалық-сауда және басқа да байланыстардың Қазақстан үшін басты мақсаты - өз мүддеміз, өз экономикамыздың дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны анық. Осы орайда бүгін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздегі экономикалық өсім жеті басым бағытпен дамитын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, сыртқы экономикалық қатерлерге қарамастан, Қазақстан әлемнің неғұрлым дамыған мемлекеттерінің үздік 30-дығына ену мақсатынан айнымай, осы бағытта әрі қарай қозғала береді. Бұл үшін 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қабылдау арқылы жаңа экономикалық даму үлгісіне өту жоспарланған. «Бұл орайда саладағы негізі 7 жүйелі өзгеріс пен 7 басым саясаттың нақты нәтиже беруі тиіс»,- дейді. Бұл жеті басым бағыт  - халықтың жоғары өмір сүру сапасын көтеру, макроэкономикалық дамуды қамтамасыз ету, экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қаржылық сала мен «жасыл» экономиканы дамыту, инвестиция тарту секілді ауқымды жобалардан тұрады.

Осы жиында министр Тимур Сүлейменов құбылып тұрған валюталар бағамына байланысты да өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл жағдай сөзсіз инфляцияға әсер етеді. Алайда, ол азық-түліктің бағасына қатты өзгеріс әкелмейді. «Себебі, біздегі азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы өз елімізде өндіріледі», - деді министр. Сондай-ақ, теңге бағамы 10-20 пайызға өзгерген жағдайда тауарлар бағасы да пропорционалды түрде дәл соншаға қымбаттауы мүмкін емес екенін жеткізді. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу