Ғаламторға ұмтылған ауыл тұрғындары 21 метрлік мұнараны өздері құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғаламторға ұмтылған ауыл тұрғындары 21 метрлік мұнараны өздері құрастырды

13.05.2020

Алматы облысында елді мекендердің 40 пайызы ғана ғаламтормен қамтылған. Карантин басталғалы онлайн оқу машақатын көріп, әбден қажыған ауыл жұрты өздері әрекет етуге көшті. Мәселен, Кербұлақ ауданына қарасты Беріктас ауылының тұрғындары өз күшімен мұнара құрастырып қойды. Бірақ оны тұрғызайын десе, қолда биік қондырғыны көтеретін техника жоқ. Шағын ауылда 80-нен астам оқушы бар. Оларға 20 шақты студент қосылды. Қалай да ғаламторға қол жеткізудің қамын ойластырған ата-аналар өз қолдарымен мұнара құрастырған. Ал Талдықорғандағы арнайы кәсіпорын мұндай жұмыс үшін 3 миллион теңгеден астам қаржы сұраған. Ұялы байланыс операторы болса, халық саны аз елді мекендерге антенна орната алмаймыз, шығын ақталмайды дегенді алға тартқан.   

Беріктастықтардың жайынан атқарушы билік хабардар. Ал ауыл әкімі мәселе жақында шешіледі деп отыр.

Кербұлақ ауданы бойынша барлығы 63 елді мекен болса, ғаламтор 30-ға жуығында ғана. Ал 9 ауылда мүлдем жоқ.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу