Еуропалық бизнесмендер елімізге қаржы құюға мүдделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық бизнесмендер елімізге қаржы құюға мүдделі

26.10.2018

Еуропалық бизнесмендер Қазақстан тарапымен бірлесе жұмыс істеп, жаңа жобаларға қаржы құюға әзір. Бұл туралы Италияның Верона қаласында өтіп жатқан 11-ші Еуразиялық экономикалық форумда айтылды. Жыл сайын өтетін басқосудың биылғы ұраны: «Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі дипломатиялық бизнес және сенімге құрылған экономика» деп аталады. Форумда тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық жайын талқылады.

Соңғы жылдары жиілеп кеткен санкция, экономикалық текетірес және өзге де геосаяси тартыстардың ешбір тарапқа пайдасы жоқ. Сондықтан, экономиканы саясатқа араластырмай, өзара ынтымақтастықты арттыра беру қажет. Италияның Верона қаласындағы дәстүрлі Еуразиялық экономикалық форумға қатысып жатқан еуропалық бизнесмендердің ортақ ойы - осы.

Экономикалық форум – Еуропа мен Еуразиялық одақ арасындағы әріптестікті арттыруға арналған алаң. Биылғы жиынға 40-қа тарта мемлекеттен 1 мың делегат келді. Олар саясаткерлер, бизнесмендер, дипломаттар мен белгілі сарапшылар. Біздің еліміз де форумға белсенді қатысып жатыр.

Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президенті қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Қазақстан бұл форумға бұрыннан қатысып келеді. Жиында еуропалық бизнесмендермен келіссөздер өткізіп, олармен қай салада жұмыс істеуге болатынын нақтылаймыз. Президент биылғы Жолдауында шетелден инвестиция тарту туралы тапсырма берген. Сондықтан, Веронадағы форум біз үшін жақсы мүмкіндік болады.

Еуропалық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одағымен, соның ішінде, Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Себебі, олардың айтуынша, еліміздегі инвестициялық климат жылдан-жылға жақсарып келеді.

Паоло Гирелли, Итальян-қазақ сауда палатасының президенті:

- Біздің қауымдастық Қазақстан экономикасына Италия тарапынан инвестиция тартуға көмектеседі. Әсіресе, мұнай және газ саласында белсенді жұмыс істейміз. Меніңше, қазір Қазақ елінде шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Осы форум арқылы Қазақстан тарапымен қосымша байланыстар орнатамыз, экономикаларыңызға қаржы құюға дайынбыз.

Франциялық кәсіпкер Ги Сидос та Қазақстанды жақсы біледі. Себебі, ол басқаратын компания елімізде 2008 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. 200 жылдық тарихы бар Викат зауыты біздің экономикамызға қомақты қаржы құйып отырған инвесторлардың бірі. 

Ги Сидос, франциялық бизнесмен:

- Мен өткен аптада Қазақстан Президенті мен еуропалық бизнесмендердің Брюссельдегі кездесуінде болдым. Сол кезде мен Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін алғыс айттым. Себебі, біздің компания Қазақстанда 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балқаш қаласындағы цемент зауытына 300 миллион доллар инвестиция салдық. Ол кәсіпорында 300 жергілікті азаматты жұмыспен қамтып отырмыз.

Жиында инновациялық технологиялар, цифрлы экономика, инфрақұрылым және энергетика саласындағы ынтымақтастық жайы талқыға түседі. Сонымен қатар, осы жиынның аясында көпшілікке «Астана» халықаралық қаржы орталығы арнайы таныстырылады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу