Ресейде карантин талаптары қайта күшейтілді. Себебі, коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың қатары күрт өсті. Қазір елде науқастар саны 353 мыңға жетті. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін Конституцияға өзгертулер енгізу бойынша жалпыхалықтық сайлау онлайн өткізілмек. Тиісті заңға Владимир Путин қол қойды.
Өкінішке орай, індет өрши түсті. Сондықтан кәсіпорындар әзірге ашылмайды, тек бүгіннен бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары мен көлікті жалға беретін орындар ғана жұмыс істейді. Ал шаштараз, сән салондары, қоғамдық тамақтану орындары ашыла қоймайды. Науқастарды ауруханаға жатқызу үшін орын тапшы, дәрігерлер де үлгермей жатыр. Енді дендеген дертпен күреске медициналық жоғары оқу орындарының студенттері де жұмылдырылмақ. Ресей биыл күзге дейін туристерді қабылдамайды. Мамандар 15 маусымнан кейін ғана науқас саны төмендеуі мүмкін екенін айтады. Жалпы бұл елде пандемия кезінде жұмысынан айырылғандар саны 2 миллион адамға жетті.
Индира БЕГАЙДАР