Атырау облысындағы «Құрманғазы» шекара бекетінде сауда-саттық арта түсті. Бұл- Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының ұлғайғанының айғағы. Шекарадан күніне 400-ден астам көлік, 800-ге жуық адам өтеді. Тауар тасымалының қауіпсіздігі шекарашылардың қырағы назарында.
Әскери борышын шекара шебінде өтеп жүрген сарбаздың бірі Қуанышбек Нәбиев 8 айдан астам уақыт жауапты қызметте. Күндіз-түні тәртіпті қадағалайды.
Қуанышбек Нәбиев, «Құрманғазы» шекара бекетінің сарбазы:воинский лог
Астанадан Атырауға келіп, «Құрманғазыда» қызмет атқарамын деген ой болған жоқ. Өте жауапкершілігі мол жер. Себебі, бұл жерде Ресеймен шекара болғандықтан адамдар заңсыз өтіп кетпеуі керек. Отанымыздың тыныштығын қорғаймыз. Шекараның тыныштығын сақтау – біз үшін парыз.
Шекара – сүзгі іспеттес. Жыл басынан бері екі аралықтан 260 мыңнан астам көлік пен 900 мыңға жуық адам өткен. 18 контрабандалық әрекеттің жолы кесілді. Сондай-ақ, шекараны өтпек болған 40 азаматқа тосқауыл қойылған.
Бекболат Имашев, «Құрманғазы» шекара бекетінің басшысы:
Болашақта біздің шекара бақылау бөлімшемізде инспекциялық бақылау комплексі орнатылады. Ол ҚР-на кіруге және шығуға тыйым салынған заттарды, есірткілерді көлік құралдарынан анықтау үшін.
Қос тараптың экономикалық байланысы кәсіпкерлердің еркін сауда жасауына қолайлы. Кедергісіз алыс-беріс,еркін сауда-саттық елімізге көл көсір пайдасын әкеп отыр. Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы, осы жылдың 8 айы ішінде 11 млрд. долларды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға жоғары.
Жандос Темірғалиев, тілші:
Бірыңғай кедендік одақтың талабына сай, Қазақстан мен Ресей арасында шекара ашық. Сәйкесінше, қос мемлекет түрлі бағыттар бойынша тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде екі ел жекелеген салалар бойынша, құны шамамен 4 млрд. доллар болатын бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Бұл байланыстар арқылы, ел экономикасына түсер пайда еселене бермек.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.