Алматы-Қапшағай тас жолында 8 көлік соқтығысып, 7 адам зардап шекті. Бұған қоқыстағы өрттен шыққан қою түтін себеп болған. Алматыдан 35 шақырымдай қашықтықта орналасқан полигонның отқа оранғанына бүгін екінші күн. Қызыл жалын 3 гектардан астам аумақты шарпыған. Кеше түс ауа басталған тілсіз жауды толық ауыздықтау әлі мүмкін болмай тұр.
Өрт кеше түстен кейін сағат екі жарымда басталған. Алматы - Өскемен тас жолына жақын жердегі қоқыс полигонында тұрмыстық қатты қалдықтар отқа оранды. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, тұрмыстық қалдық төгілетін полигонның жалпы ауданы – 38 гектар. Желдің ұйытқуынан оттың таралуы үдей түскен.
Өрт сөндірушілер қызыл жалын жан-жаққа тарап кетпес үшін, тіпті, 3 тонна су тасымалдайтын құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын қолдануға мәжбүр болды.
Өрттің кесірінен 8 бірдей көлік соқтығысып, жаппай жол-көлік апатына әкеп соқты. Зардап шеккен 7 адам Алматы облысы Іле аудандық ауруханасына жеткізілген.
Отқа оранған қоқыс полигоны әлі бықсып жанып жатыр.
Жазира ОРАЗҚЫЗЫ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Алматы-Қапшағай тас жолында 8 көлік соқтығысты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/128019/)