![Қазақстанда демалыс күндері шектеу шаралары күшейеді](https://cdn.qazaqstan.tv/2020/6/18/1592463554694.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Қазақстанда демалыс күндері шектеу шаралары күшейеді.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысы өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
20-21 маусым күндері Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында:
- Сауда орындары мен базарлардың, желілік дүкендердің жұмысы тоқтайды;
- Қоғамдық көлік қатынасы шектеледі;
- Саябақтар, скверлер, жағажайлар мен аквапарктер жабылады;
- Фитнес орталықтар қызметін уақытша тоқтатады;
- 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі;
- Тек ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына ғана рұқсат етіледі (әлеуметтік ара қашықтық сақталуы тиіс);
- Сондай-ақ осы қалаларға жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады.
Халық саны 50 мың адамнан асатын елді мекендерде саябақтар, скверлер, жағалаулар мен аквапарктердің жұмысы уақытша тоқтатылады.
Жасы 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзім ішінде мына мәселелерді пысықтауды тапсырды:
- медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейту;
- ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындар санын көбейту;
- меншік нысанына қарамастан, өңірде бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды КТ-зерттеумен қамтамасыз ету;
- жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету;
- үйлерінде жатқан пациенттерге амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылау жасау (қашықтан, мобильді бригадалардың көмегімен);
- халыққа белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қазақстанда демалыс күндері шектеу шаралары күшейеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/128325/)