Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты. Яғни, 2 миллионнан астам адам электрондық сауда-саттықтың қызығына кіріп алған. Қазақстандықтардың дені құрылыс материалдарын, тұрмыстық техника, косметика, киім-кешек және аяқ киімді осы электрондық сауда-саттықтан алады. Әуе және теміржол билеттерін алу, мәдени іс-шаралар мен коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу сияқты қызметтер де, жоғары сұранысқа ие.
Бүгінде нарықта 2 мыңға жуық дербес интернет-дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ, 1 млн-нан астам кәсіпкерге өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электрондық сауда алаңы бар.
Айта өтейік, былтыр онлайн сауда-саттық көлемі 1,5 есеге өсіп, 269 млрд теңгені құраған.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қазақстанда тамақ өнімдерінің электрондық сауда көлемі 15,4 млрд теңгені құрайды және жалпы тауарлардың электрондық саудасының 4%-ын алады.Электрондық саудада аумақтық шекаралар жоқ. Сондықтан біздің отандық ауыл шаруашылығының өндірушілері үшін бұл жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын іздеуге шексіз мүмкіндік береді. Интернет-сауда – бұл ауылдық жерлерде сауданы дамыту үшін тамаша мүмкіндік.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Елімізде онлайн сатып алушылардың саны 2 есеге артты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/12900/)