Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 27,5 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 27,5 миллионнан асты

09.09.2020

Ұлыбританияның «AstraZeneca» компаниясы коронавирусқа қарсы вакцина сынағын уақытша тоқтатты. Ал Ресейлік екпе болса, азаматтық айналымға шығарыла бастады. Коронавирустың өршуіне байланысты, кей елдерде мектептер қайта жабылып, комменданттық сағат енгізіліп жатыр. 

«AstraZeneca» компаниясы Оксфорд университетімен бірлесіп жасаған екпе әлемнің бірнеше елінен ондаған мың адамға сыналып жатыр. Оның жағымсыз әсері байқалған жалғыз адам - Ұлыбритания тұрғыны. Екпе жасалған соң ерікті «түсініксіз» ауруға шалдыққан.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Әрине, сынақ ойдағыдай өтсе екен деп үміттендік. Алайда вакцинаның қауіпсіздігі аса маңызды. Оқиға тергеліп, мән-жай анықталғанша, зерттеуде үзіліс жарияланды. 

Осыдан кейін аталған препарат сынағын Америка да белгісіз мерзімге шегерді. Елдегі науқастар саны болса 6 миллион 300 мыңнан асты. Осыған байланысты, халық көп баратын Нью-Йоркте коронавирусқа жылдам тестілеу орталығы ашылды.

Дуг Сатцман, «Xpres group» компаниясының директоры:

- Біз қызмет түрлерін кеңейттік. Барлық келген-кеткен жолаушылар үшін коронавирусты анықтайтын тестің түр-түрі бар. Алдағы уақытта сынама алу уақытын 15 минутқа дейін қысқартамыз. 

Үндістанда өткен тәулікте 90 мыңға жуық адамнан СOVID анықталды. Инфекцияның жылдам таралуы Австралия, Оңтүстік Корея, Испания, Францияда байқалып отыр. Израильде он шақты қалада мектептер жабылып, түнде коменданттық сағат енгізілсе, Ұлыбританияда келесі аптадан бастап 6 адамнан артық жиналуға тыйым салынады. 


Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу