![Қазақстанда жылдық инфляция 7,1% жетті](https://cdn.qazaqstan.tv/2020/11/10/1604979444544.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Бір ай бұрын қымбатшылық тура 7% құраған болатын.
Қазан айының қорытындысы бойынша экономистер Қазақстандағы инфляцияны, яғни, қымбатшылықты 7,1% тең деп бағалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті.
Үкіметтің бүгінгі отырысында Қазақстанның он айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қандай болды деген сұрақ қаралып жатыр. Дәленов Қазақстан экономикасындағы мына өзгерістерді атап өтті.
«Өндіруші емес секторларға салынған инвестиция ұлғайды,нақты секторда өсу сақталды,қызметтер саласы тұрақтанды және экономиканы кредиттеу ұлғайды», - дейді Дәленов.
Қыркүйекпен салыстырғанда, қазанда қызметтер саласы өсім көрсеткен, алайда пандемия кезіндегі шектеу кейбір салаларға әлі де теріс әсер етіп жатыр.
«10 айдың қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 1,9%-ға өсті. Бұл ретте,қызметтер көлемі 6,1%-ға қысқарды. Салдарынан, жедел деректерге сенсек, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ды құрады», - деп хабарлады Дәленов.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қазақстанда жылдық инфляция 7,1% жетті&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/133488/)