Әлем елдерінде жаңажылдық шараларға тыйым салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінде жаңажылдық шараларға тыйым салынып жатыр

03.12.2020

Әлемнің көптеген елінде Жаңа жылды тойлауға тыйым салынып жатыр. Билік басындағылар коронавирустың таралуын тежеу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Әдетте желтоқсан-қаңтар айлары жылдың ең қауырт мезгілі болып саналады. Алайда мамандар биылғы мерекені үйде атап өткен жөн дейді.

Испания билігі Рождество мен Жаңа жыл мейрамы қарсаңында жаңа шектеу шараларын қабылдады. Мереке күндері түнгі сағат 1.30-дан бастап кешкі 23.00-ге дейін комманданттық сағат енгізілмек. Бір отбасында 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Сонымен қатар ел ішінде қаңтардың 6-на дейін саяхаттауға тыйым салынды. 

Сальвадор Илья, Испания денсаулық сақтау министрі:
Үкімет қабылдаған келісімге сәйкес, Рождествоны үйде, жақындарымызбен бірге атап өтуге тиіспіз. Барлық сапарлар шектеледі. Тек отбасынан жырақта тұратын азаматтардың ғана жол жүруіне рұқсат.

Польша билігі де тұрғындарды саяхаттардан бас тартып, алдағы мейрамды үйде атап өтуге шақырып отыр. Өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан асты.

Карантин кесірінен дүкендер жабық болғандықтан, онлайн сауда қызып тұр. Бельгияда тұрғындар жаңажылдық сыйлықтарға интернет арқылы тапсырыс беріп жатыр. Соның салдарынан пошта бөлімшелері заттарды таратып үлгермей, уақытша 3 мың қызметкерді жалдауға тура келген.

Италияда желтоқсанның 4-нен қаңтардың 6-на дейін аудан аралық сапарларға тыйым салынады. Мейрамхана, барлар кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. 

Витторио Теста, жергілікті тұрғын:
Мереке кезіндегі шектеулер үшін алаңдамаймын. Жағдай өте күрделі. Сондықтан көпшілік жерге бармай, үйде тойлату дұрыс деп ойлаймын.

Ал Австрия Рождествоға орай шаңғы курорттарын ашуға рұқсат берді. Алайда мұндай мүмкіндік демалыс орындарына жақын тұратындарға ғана берілген. Басқа туристік нысандар жыл басына дейін жұмыс істемейді. Германияда да мейрам қарсаңында күшейтілген шектеулер қаңтардың 10-на дейін сақталады.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу