![Қазақстанда азық-түлік 10,8 пайызға, киім-кешек 4,7 пайызға қымбаттаған](https://cdn.qazaqstan.tv/2020/12/10/1607573416775.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті.
Айта кетейік, Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы республикалық бюджетті ң орындалуы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралып жатыр.
Досаев атап өткендей, қарашада инфляция деңгейі бір ай бұрынғы 7,1% көрсеткіштен 7,3% көрсеткішке жеткен.
«Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосты. Нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің, мәселен, өсімдік майы, қант сияқты өнімдердің теңгерімсіздігі күшейгеннен кейін, азық-түлік тауарларының бағасы бір жылдағы 10,7%-дан 10,8%-ға дейін қымбаттады.
Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның жылдам өсуіне киім бағасының 4,7%-ға артуы себеп болып, жалпы азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы 5,6%-дан 5,7%-ға өсті», -деді Ерболат Досаев.
Қарашада тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, мәдениет пен демалыс саласындағы қызметтер бағасы қымбаттаған соң, ақылы қызметтер инфляциясы 4,1%-ға өскен.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қазақстанда азық-түлік 10,8 пайызға, киім-кешек 4,7 пайызға қымбаттаған&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/134741/)