Түркістан облысында соңғы үш күн бойғы ақтүтек боранда жүзден аса көлік жолда қалып, қар құрсауынан шығарылды. 400-ге тарта адам құтқарылды.
Тәртіп сақшылары да тәулік бойы жолдарда кезекшілік атқарды. Солтүстік-батыстан соққан желдің күштілігі сонша - 34 елді мекенде 35 мыңға тарта тұтынушы жарықсыз қалды. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда 9 бағыт бойынша қозғалыс шектелді. Қауіпті деген аймақтарда жолдар әлі жабық.
Сыр өңірінде де қыс қаһарына мініп, ауа райы көліктердің қозғалысына кедергісін келтірді. Әсіресе, Шымкент-Самара тасжолының бірнеше учаскесінде омбы қардың кесіренен көліктер жолда тұрып қалды. Далада қалған 11 жүк және 9 жеңіл автокөлікті құтқарушылар қар құрсауынан шығарып, барлығы 26 адамды құтқарды. Оның ішінде, балалар да бар. Сондай-ақ, қан сонарда аңға шыққан 6 аңшы қарлы боранда жоғалып кетіп, Қаратау бөктерінен аман-есен табылды.
Айнұр Ақбаева
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Түркістан облысында боранда жолда қалған 400-ге жуық адам құтқарылды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/136357/)