![Сотталғандарды пайдаланып 9 жалған кәсіпорын ашқан қылмыстық топ ұсталды](https://cdn.qazaqstan.tv/2021/2/8/1612761237883.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тағы бір ұйымдасқан топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігі.
«ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан, құрамында 5 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергеуді аяқтады.
Тексеру барысында ұйымдасқан топтың басшылары 2018-2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атына 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан.
Кәсіпорындар Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында тіркелді. Тінту барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары, 9 миллион теңге ақша қаражаты алынды.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР ҚК 262 бабы 1-б. және 216 бабының, 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Сотталғандарды пайдаланып 9 жалған кәсіпорын ашқан қылмыстық топ ұсталды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/136900/)