Қарағанды облысында 6505 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі 18 жастағы сарбаз қайтыс болды. Түркістан облысынан шақырылған Рамазан Жақып менингиттің жедел түрінен ауруханада жан тапсырған. Жауынгер 2-ші ақпанда өзін әлсіз сезініп, басының айналатынын айтып шағымданған. Абай қаласының Орталық қалалық ауруханасына жатқызылған оның жағдайы күрт нашарлап, реанимация бөліміне ауыстырылған. Өкінішке орай, сағат 11:00-де қайтыс болған.
Сот-медициналық сараптамасы жасалып, әскери қызметшінің өліміне жедел менингит себеп болғаны анықталған. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, сарбаз қызмет еткен бөлімшеде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіліп, карантин енгізілген. Марқұммен байланыста болғандар Қарағанды облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығында тексеруден өтті.
Арман Сейітов, әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:Әскери бөлім карантинге жабылуына байланысты біздің медицина қызметкерлері барлық әскерилерді тексерді. Олардың арасынан қызуы көтерілген, суық тигізген, тұмау белгілері барлары есепке алынды. Қазіргі уақытта 7 сарбаз ауруханада бақылауда. Барлығының да жағдайы қалыпты.
Руслан Нұрланұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қарағандыдағы әскери бөлімде 18 жастағы сарбаз қайтыс болды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/137130/)