Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері азаймай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері азаймай отыр

27.11.2018

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері азаймай отыр. Ата-анасынан таяқ жеген бала, күйеуі соққыға жыққан келіншектер көбейді. Көрсеткіштің азаймайтын себебі, бізде заң тым жұмсақ, дейді мамандар. «Не молчи» деп аталатын ұйым мүшелері депутаттардан, Қылмыстық кодекске өзгерту енгізуді сұрайды.

Атап айтқанда,  екі жақтың келісіп алып, істі жауып тастайтындарын құптамайды. Себебі тараптар сол жерде татуласқанмен, кейін олардың арасында тағы да жанжал туған жайттар бар. 

Он жыл отасқан күйеуінен ажырасқан Ардақтың қазіргі  уайымы - балаларына қосылу. Бір жыл бұрын ерлі-зайыптылар заң бойынша айырылысқан кезде, сот үш қызды әкелерінде қалдырыпты. Балғындардың қалауы бойынша деген желеумен. Алайда, Ардақ бұған сенбейді. Айтуынша, әкелері қыздарды анасына қарсы қойып отыр.  

Ардақ Әбдуалиева:

Мен ерте жастан күйеуге шыққым  келген жоқ. Бірақ ол көз алдымда тамырын кесіп өлем деп қорқытты. 15 жасымда үйлендік. 10 жыл тұрдық. Оқытпады. Жұмыс та істеткен жоқ. Ақыры ажырастық. Енді балаларымды көрсетпей  отыр. Адвокат жалдадым. Міне, бір жыл болды балаларымды ала алмай жүрмін.

Ардақтың жолдасына қоңырау шалып еДІК, ол бұрынғы әйелінің шағымымен келіспейтінін айтты. Сұқбат беруден де бас тартты. Ал, Оксана жүріп жүрген жігітінен екі рет оңбай таяқ жеген. Біріншісінде сүйгенінің сөзіне сеніп  арызын қайтарып алыпты. Екіншісінде бұзақы жігіттің әрекетіне сот  36 мың теңге айыппұл салған.

Оксана Ермаханова:

Ол менен жалынып кешірім сұрады. Соққысынан көзіме қатты зақым келген.Оны емдетемін деп сөз берді. Және бұдан былай  қаталанбайды деген. Мен сендім. 

Қазір  осы екі кейіпкер секілді зорлық-зомбылық көріп жүрген қыз-келіншектер жетеді. Алайда олардың көбі сотқа келмейді дейді мамандар. Өткен жылы осындай 2800-дей қылмыс қозғалса, биыл - 1118. Яғни, қылмыстық іс екі жақтың келісуімен тоқтайды. 

Дина Смайлова, «Не молчи. Дети КZ» ұйымын құрушы:

Біздің талап етіп жүргенімізге 3 жыл болды. Тараптардың келісімге ккелуін алып тастаңыздар деп  жүрміз. Ол жерде сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі. Себебі екі жақ бір-біріне ақша береді.

Күйеуінің қолынан қаза болған келіншектер де жетерлік. Бірнеше жыл бұрын өз әйелін тірідей өртеп жіберген  қатыгез еркектің оқиғасы әлі есімізде. Азаматтық некедегі жолдасының соққысынан қайтыс болған журналистің де топырағы кебе қойған жоқ. Осындай қайғылы жағдайларды болдырмау үшін заңды қатайту керек деген ұйым өкілдері, ұсыныстарын жеткізу үшін депутаттық корпусқа аттанды.     

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу