Павлодар облысында жолаушыларды арзанға тасымалдаған кәсіпкер дауға қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында жолаушыларды арзанға тасымалдаған кәсіпкер дауға қалды

28.04.2021

Павлодар облысында жолаушыларды арзанға тасымалдап отырған жеке кәсіпкер тығырыққа тірелді. Ол Екібастұздан Павлодарға қатынайтын бағытқа әкімдік бекіткен 1100 теңгенің орнына жолаушыларды 750 теңгеге жеткізіп отыр. Яғни, қазір Екібастұздан-Павлодарға баратын жолаушылар бір автобусқа екі түрлі бағамен билет сатып алуға мәжбүр. Ал, бәсекелік ортаның қалыптасуына мүдделі болмай отырған аймақтық жолаушылар тасымалы басқармасы арзан билет сататын кассаны жабу керек деп шешкен. Болат Аманбаев мән жайды анықтады.

Болат Аманбаев,  тілші:
Бұл екі билетте Екібастұздан Павлодарға бару үшін алынған. Бір автобусқа. Бірақ екеуінің бағасы екі түрлі. Автовокзалдан алынған билет құны 1100 теңге, темір жол вокзалынан алынған билет құны 750 теңге.

Соңғысының ашылғанына бар жоғы екі ай. Іле жолаушылар да көбейген.

Кенже Әлиева,   жолаушы:
Жүретін бірақ автобус, ешқандай айырмашылығы жоқ. Сондықтан мен осы 750 теңгенің билетімен Павлодарға барайын деп отырмын.
Балтабай Қаппасов,    тасымалдаушы кәсіпорын директоры:
Сол 750 теңге бізге жетеді. Өйткені, 750 теңге сол бізге пайда. Ал, автовокзал сол 1100 теңгеге билет сатып отыр. 400 теңгесін өз қалтасына салып отыр. Енді халықты қалай алдауға болады?

Бір айырмашылығы қымбат билет алғандар автовокзалдан, ал, жолақының арзан түрін таңдған жүргіншілер 300 метр жердегі темір жол вокзалынан мінеді. Бірақ, билетті қымбатқа саудалап жатса да автоказалдағы жағдай мәз емес.

Елена Власьева,     Екібастұз автовокзалының директоры:
Жүргіншілер азайып кетті. Бұрын Павлодарға күніне 17 автобус баратын, қазір 8-і қалды. 48 адам жұмыс істейтін. Қазір 10-ақ адам. Коммуналдық қызмет пен еңбекақы қарызы 2 млн теңге. Бізге өкілетті орган бекітіп берген тариф 1050 теңге. Біз үстінен қызмет құнын, яғни, 50 теңге қосып отырмыз.

Жолаушылардың қалтасы көтеретін арзан билетті сатып отырған кассаны жабу туралы жолаушылар транстпорты басқармасы теміржол вокзалының басшылығына нұсқау берген. Тұрғындардың қамын жейді деген атқамінерлердің айтары басқа.

Ермек Сәрсенбаев,    жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл мәселе сотта шешіледі. Біз басқарманың атынан Екібастұз қаласындағы жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің ашылуы қаншалықты дұрыс, заңды екендігін анықтау үшін сотқа жүгіндік.

Жолаушы тасымалдау саласындағы бәсекелестікті дауға айналдырған қос тараптың мәселесі сотта шешілгенге дейін баға өзгеріссіз қалмақ.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу