Алматы облысында әуежай маңындағы жер телімдерін заңсыз сатты деп айыпталғандарға қатысты сот үкімі шықты. 2019 жылы желтоқсанда болған Bek Аir ұшағы апатынан кейін сол маңдағы жер телімдерінің заңсыз берілгені анықталған еді. 5 шенеунік пен бір делдар риелтор күдікке ілінген. Сот оларға қандай үкім шығарды? Кінәлілер жазамен келісе ме? Тілшіміз Нұрхан Нұрланұлы толықтырады.
Қызмет бабын асыра пайдаланды және алаяқтық жасады деген айып тағылған азаматтарға қатысты тергеу 1 жылға жуық уақытқа созылды. Сот үкіміне сәйкес, риелтор Нұрайым Алданыш 2 жарым жылға, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы 4 жыл бір айға, дәл осы бөлімнің тағы бір экс басшысы Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған экс шенеуніктерге 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ілияс Мұхадиұлы, Талғар аудандық сотының судьясы:
Үкім шығарар кезде айыпталушылардың кінәсін мойындағаны, әрекетіне өкінетіндігі, олардың қылмыстық істі ашуға көмектескені және шығынды өтегені ескерілді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар екендігі де назарға алынды.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушылардың ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа іліккенін айтты. Осылайша әрқайсысына тағайындалған мерзімнің 4/1 қысқарған.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Бұған дейінгі сот отырысында прокурор экс шенеуніктерге 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал айыпталушылар 3-4-тен кәмелет жасқа толмаған балалары бар екендігін айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады. Дегенмен, олар өздерінің кінәсін толық мойындап, істеген істері үшін қатты өкінетіндерін жеткізді.
Ал тергеу басталғалы қамауға алынған риелтор Нұрайым Алданыш тағылған айыппен келіспейді. Қорғаушысы да оның бұл іске қатысы жоқ екендігін айтады. Оның сөзінше, риелтор жер сатумен ғана айналысқан, бірақ рәсімдеуге қатыспаған.
Азамат Байкенов, Нұрайым Алданыштың қорғаушысы:
Біз сот үкімімен келіспейміз. Өйткені, іс егжей-тегжейлі қаралған жоқ. Білмеймін. Тіпті, айтарға сөзім жоқ. Аппеляциялық шағым түсіреміз.
Естеріңізге салайық, ұшақ апаты 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Bek Аir ұшағы әуежай маңындағы заңсыз салынған үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам мерт болды.
Нұрхан Нұрланұлы