Батыс Қазақстанда шекарадан киік мүйізін алып өтпекші болған Өзбекстан азаматы ұсталды. 1970 жылы туған ер адамның қол сөмкесінен 148 дана мүйіз тәркіленді. Оқиға күндіз Қазақстан-Ресей шекарасының «Сырым-Авто» бекетінде болған.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айта кетейік, өңірде бөкенді мүйізі үшін өлтіру оқиғасы тыйылмай тұр. Соңғы екі жылда заңсыз аң аулаушылар мемлекетке 1 млрд-тан астам теңге залал келтірді.
Болатбек Белгібеков, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Аталған факті бойынша Бәйтерек ауданының Приурал полиция бөлімі Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Заңсыз киік аулау, жануарлардың мүйізін айналымға шығаруға жол бермеу үшін қазір облыс аумағында 1-30 сәуір аралығында «Ақбөкен» алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Батыс Қазақстанда шекарадан киік мүйізін алып өтпекші болған Өзбекстан азаматы ұсталды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/14194/)