Алматының Алатау ауданында асфальт төсеген компания газ құбырының бағандарын жолдың қақ ортасында қалдырып кеткен. Жол құрылысы жуырда ғана басталған Саялы-2 ықшам ауданының көшелерінде осындай екі бірдей тіреу тұр. Жергілікті тұрғындар тар жолдағы бағандарға көліктер бірнеше мәрте соғылғанын айтады. Оларды көпке созбай алып тастамаса, өмірімізге қауіп төнеді. Жол апаты жиілесе, бір күні тіпті газ құбыры да жарыла ма деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Ал әкімдіктегілер жол құрылысының келісімшарттағы мерзімі келгендіктен, кедергілерге қарамастан жұмысты уақытылы бастауға тура келді дейді.
Айдос Желдікбаев, қалалық мобильділік басқармасы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы:
Жолдағы аркалар түгел жаңартылады. Ол жобада көрсетілген. Қазір ықшамауданға жаңа газ құбырлары орнатылды. Бірақ, әзірге негізгі желіге жалғанған жоқ. Жауапты мекеме келіп, құбырды көгілдір отынға қосқаннан кейін ескі құбырларды алып тастаймыз.
Жол салып жатқан мердігер компания жобаны биыл жыл соңына дейін тапсыруы тиіс. Соған дейін көшедегі бағандар да алынады. Дегенмен, ол құрылысқа кесірін тигізбейді. Себебі, асфальттың екінші қабаты жолдағы кедергілер тазаланған соң ғана төселеді дейді мамандар.