Боксшы Сәкен Бибосыновқа ел-жұрты сенім артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боксшы Сәкен Бибосыновқа ел-жұрты сенім артады

27.07.2021

Токиода өтіп жатқан 4 жылдықтың басты бәсекесіне Түркістан облысынан 5 спортшы аттанды. Солардың бірі – боксшы Сәкен Бибосынов. Сайрамдық саңлақ төрткүл дүние көз тіккен әлемдік бәсекеде алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бүгінде боксшының анасы мен алғашқы бапкері оған тілеулес болып отыр.

Сәкен Бибосынов - 1997 жылы Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданында дүниеге келген. Бала кезінен боксқа бүйрегі бұрып тұратын ол - 13 жасында спорттық мансабын Қазақстанда жалғастыру үшін елге оралған. Алдымен Қызылорда қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданып, кейін Сайрам ауданындағы «Жекпе-жек спорт клубына» ауысады. Осы жерде ол білікті бапкер – Қадырбек Қуатбековтың көзіне түсіп, қоластында жаттығады.

Қадырбек Қуатбеков - Сәкеннің алғашқы бапкері.Боксшы ең алғаш 2011 жылы Сайрам ауданына жаттығуға келгенде осы бапкердің үйінде тұрады. Ал, отбасы ол кезде Өзбекстанда қалған екен. 13 жастағы шынашақтай баланың шеберлігіне тәнті болған бапкер оны өзінің қарамағына алған.

Қадырбек Қуатбеков, С.Бибосыновтың алғашқы бапкері:
2019 жылдан бастап, Сәкеннің жолы ашыла бастады. 5 жылда бір өтетін спартакиада чемпионы атандық. Одан қалса Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде Президент кубогы өтеді. Сонда да өзінің мықты екенін дәлелдеп, әлем чемпионатына жолдама алдық. Ол жақтан 3-орын иеленіп келдік.

Сәкен Бибосыновтың басты жанкүйері – анасы. Махаббат Құдайбергенова – ұлының әрбір жетістігіне қуанғанымен, Сәкеннің шаршы алаңдағы өнерін тамашалаған емес. Себебі, ұлының рингтегі жан берісіп, жан алысқан сәтін көруге ана жүрегі шыдамайды. «Сондықтан ондай кезде көбіне сыртқа шығып, Алладан дұға тілеймін» дейді

Махаббат Құдайбергенова, Сәкен Бибосыновтың анасы:
Неше күн ұйықтамаймын, соның жарысы біткенше. Ертең қалай болар екен, бүгін қалай болар екен деп. Телевизорды көруге жүрегім шыдамай, сыртта жүремін. Не болса да тез бітсе екен деп. Үйде телевизор көріп отырған балаларымыз ұтса, ұтты деп шығады. Содан кейін жүрегім сәл орнына түседі.

Сәкен Олимпиададағы алғашқы кездесуін пуэрторикалық боксшымен шығып, жеңіске жетті. Енді ол ширек финал жолдамасын француз былғары қолғап шеберімен сарапқа салады. Қарсыласы осы олимпиада ойындарындағы азулы боксшылардың бірі. Бабы мен бағы қатар шапса, жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін дейді мамандар.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу