Қызылордадағы емханалардың бірінде заңсыз жолмен вакцина паспортын жасаған мейірбикенің әрекеті әшкереленді. Ол азаматтардың екпе алғаны жөнінде базаға жалған мәлімет енгізіп отырған. Жалпы аймақта осындай сипатта 4 дерек тіркелген. Ал құқық қорғау органдарының құрығына түскен медицина қызметкеріне қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Күдіктіге жалған вакцина құжатын жасаумен қатар оны тұрғындарға сатқан деген айып тағылуда. Егер кінәсі дәлелденсе, бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Нұрсұлтан Әлтай, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:
Қылмыстық Кодекстің 385-бабы бойынша ең ауыр жаза 4 жылға дейінгі және 206-бабы бойынша ең ауыр жаза 3-7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Таразда да ПТР анықтамасын сатты деген күдікке медицина қызметкері ілініп отыр. Ол адамдан сынама алмастан теріс нәтижесі бар ПТР-тест анықтамасын берген. 26 жастағы маман бір ғана жалған анықтама бергенін, ол үшін ақша алмағанын айтып ақталуда. Істің ақ-қарасын тергеу анықтайды.
Әділбек Серікұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Қызылордада жалған вакцина паспортын сатқан медбике ұсталды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/143571/)