Австралияның Сидней қаласында бүгін 4 ай бойғы локдаунның күші жойылды. Еркін жүріп-тұруды аңсап келген қала тұрғындары үшін бұл - ерекше қуаныш. Көптен көріспей, сағынысқан жақын туыс, дос-жарандар бір-біріне қонаққа барып, мауқын басып жатыр. Сағат түнгі 12-ден бастап Сидней пабтары мен дүкендерінің есігі келушілер үшін айқара ашық. Ал, сұлулық салондары алдында ұзын-сонар кезек түзілген. Спорт залдары, кітапханалар, дәмхана, мейрамханалар мен бассейндердің ашылуын тағатсыздана күткендер көп. Қатаң шектеу шаралары тек толық вакцина алғандар үшін жеңілдетілді. Ал, жасы 16-дан асқан сиднейліктердің 80 пайызы иммундалғанда ғана шектеу шаралары толығымен алынып тасталады. Жоспар бойынша, Австралия астанасы Канберра локдауннан жұма күні шығады. Ал, Мельбурн қаласында катаң карантин айдың соңында аяқталады.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Сидней 107 күндік локдауннан шықты&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/146357/)