Түркістан облысында жылыжай алқаптары малдың жайылымына айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жылыжай алқаптары малдың жайылымына айналды

28.10.2021

Түркістан облысы Келес ауданында жылыжай алқаптары шетінен малдың жайылымына айналуда. Өйткені ешбір химиялық дәрі-дәрмекке улана қоймайтын зиянкестер қызанақты қуратып, өнімнен түк қалдырмаған. Қып-қызыл шығынға батқан шаруалардың алды жылыжайын тастап, диқандықтан қол үзуге мәжбүр.

Осыдан бірер ай бұрын жайқалып тұрған қызанақ алқабы қазір сарғыш түске енген. Жетіліп, нағыз өнім беретін шағында қурап барады. Жапырағы шұрық-тесік, өнімі шұбар ала. Жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Нұржан Омаров зиянкеске қарсы ештеңе істей алмады.

Нұржан Омаров, шаруа қожалығының төрағасы: 
 80-100 тонна өнім алып отырғанбыз. Қазір өнімді көріп отырсыздар даже 10 пайыз да өнім шықпайды. Мұны базарға апаруға мүлдем болмайды. Бұл карантиндік обьект. 100 пайыз жеп қойған.

Зиянкес қолданып жүрген дәрілерге бой бермеді. Онан күштісін шашайын десе химикатқа малынған өнім адам ағзасын улайды.

Ғани Қалмаханов, тілші: 
Қызанақ күйесі жылдам көбейетін зиянкес. Бір маусымда 10-12 ретке дейін тұқым қояды. Жапырақты көктей солдырып, сабағын қуратып жібергенімен қоймай жемістің ішіне бойлай еніп, оны мүлдем жарамсыз күйге түсіреді.

Ал Жамал Абдуллаевтың жылыжайына қазір мал жайылып жүр. 7 гектарға егілген қызанақты зиянкестен қорғап қала алмады. Шарасыздықтан бәрін тамырымен жұлып алып тастады.

Жамал Абдуллаев, шаруа: 
Таза тақырға отырғанымыз осы болатын шығар енді. Қанша еңбекақы жұмысшыларға берілген, шығындар дәрі-дәрмекке кеткен. Былайша айтқанда қиын жағдайда қалып кеттік.

Туто абсалюто деп аталатын қызанақ күйесінің Келестегі егістік алқаптарына ауыз салғанына 3-4 жылдан асып барады. Оған қарсы күресуге дәрменсіз шаруа жергілікті билік ғалымдар мен ғылыми зерттеу институттарын жұмылдырып, биологиялық күрес тәсілдерін ұсынса дейді. Бірақ әкімдік құлықсыз. Диқанның өз шаруасы деп қол қусырып отыр.

Айбай Жаңбырбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары: 
Зиянкестер айналысатын, шығатын жерлердің барлығы ұзақ мерзімге жалға алынған. Азаматтардың өздері ізденіп, өз тарапынан жүргізуі керек. Ауданның барлық жерінде осы проблема.

Қазір Келес ауданында 72 гектарға жуық жылыжай алқабы бар. Одан былтыр 7 мың тоннадан астам көкөніс жиналды. Шарасыздық пен немқұрайдылықтың кесірінен биыл оның дені зиянкеске жем, алынатын өнім кем болайын деп тұр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу