![Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/7/article_77034.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Астанада 21-23 наурыз күндері «Asia park» сауда ойын-сауық орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың Наурыз мейрамына арналған еңбектерінің көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына «Мейiрiмдiлiк-М» қайырымдылық ұйымы» қоғамдық қоры хабарлады.
Мерекелік іс-шараға мүмкіндігі шектеулі 30 бала қатысады. Көрмеге мүгедек балалардың өз қолымен жасаған 100-ден астам туындысы қойылады. Олардың арасында суреттер, картиналар, қолмен жасалған түрлі ұсақ-түйектер, киізден жасалған заттар, ағаш және т.б. қолөнер бұйымдары бар.
Сондай-ақ, «Армысың, әз Наурыз!» іс-шаралар жоспарына 5-15 жастағы балалардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама енгізілген.
Дәстүрге айналған аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесіне қоғам назарын аудару, сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Көрме сағат 10:00-22:00 аралығында өтеді.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/14976/)