Ұрланған затты сатып алушылар да жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұрланған затты сатып алушылар да жазаланады

12.01.2022

Қаладағы тұрмыстық техника сататын ірі сауда орталығының бірі осы. Бұзақылар бұл жердің де астаң-кестеңін шығарған. Бағасы 1 млн-нан кем тұрмайтын мыңдаған ұялы телефон ұрланып, қымбат техникалар сататын ірі қойма өртенген. Тағы біреуін түк қалдырмай тонап кеткен.

Айнұр Мәулен, тілші:

Қираған заттардың ішінен бағаларға көзіміз түсіп тұр. Мәселен, мына ноутбуктың бағасы орта есеппен 500 мың теңге. Саудагерлердің айтуынша, дәл осындай компьютердің қоймада 700 данасы болған екен. Олар түгелдей тоналды. Енді біз есептеп көрдік. Мәселен, 500000 мыңды 700 мыңға көбейткенде 714285148 млн теңгені көрсетіп отыр. Ел экономикасына қаншалықты шығын келгенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

Қала бойынша дәл осындай тұрмыстық техника сататын 12 сауда орталығы зардап шеккен. Кәсіп иелерінің жалпы шығыны шамамен 5 млрд теңгеден асады.

Мақсат Төреқұлов, сауда орталығының қызметкері, қоймашы:

Міне, көріп тұрғандарыңыздай жағдай осындай. Кешке жұмыс біткен соң үйге қайттық. Осы жағдайды естіп, дүкенге келдік. Өз күшімізбен қорғап қаламыз ба деп. Олардың қолында суық қару болған соң, төтеп бере алмадық.

Нона Боева басқаратын мына ломбардтты да бұзақылар ойрандап кеткен. Шығын көлемі шамамен 40 миллон теңгеге жуықтайды.

Нона Боева, ломбард директоры:

6 қаңтар таңғы 05:00-де тұрғындар қоңырау шалып, ломбардтың есігін сындыруға тырысып жатқанын айтты. Жолдасым келгенше, барлығын қиратып, тонап кеткен. Кейін бейнебақылаудан көрдік. 8 ер адам екен, оның екеуі далада қалып, алтауы терезелерді сындыруға кіріскен. Терезелер оқ өткізбейтін материалдан жасалғандықтан, көрші дүкеннен құрал-саймандар алып келіп, соның көмегімен ішке бұзып кірген.

Киім-кешек саудасымен айналысушылар да тығырыққа тірелді. Кәсіп иелері шығынға шаш етектен баттық дейді. Енді олар тәуелсіз сараптамаға жүгінетінін айтып отыр.

Айдар Жұмекеев, дүкендер желісінің заңгері:

Біздің дүкенімізді тонап қана қоймай, ұрлықшылар тас-талқанын шығарып, қиратып кеткен. Шығынымыздың аз емес екені көзге көрініп тұр. Біз танымал шетелдік брендтің киімдерін сатамыз. 5-нен 6 қаңтарға қараған түні қайта-қайта келіп, тонап кеткен. Шығын көлемін әлі есептеп жатырмыз.

 «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, тәртіпсіздік кезінде 11 өңірде орналасқан 1615 бизнес субьектісі зардап шеккен. 103 млрд теңгеден астам шығынның 102 млрд-ды Алматы қаласына тиесілі.

Сәбен Тынышқали, қалалық кәсіпкерлер палатасының филиал директоры:

Оның басты салаларының бірі - сауда орталықтары 1482-ні құрайды. Тамақтану мекемелерінің саны – 44. Қаржы секторы – 61, логистика бағыты – 23 болса, БАҚ нысандары 5-ке жетіп отыр.

Заңгерлер ұрланған мүліктерге қатысты жазаның қатаң болатынын ескертті.

Гүлмира Сабазбекова, адвокат:

Сол тоналған заттарды сатып жатқандар, пайда тауып жатқандар бар. Осы мәселе бойынша мықтап ойлануларыңызды сұраймын. Ол тоналған заттарды сатып алу да, сыйға алу да - қылмыс. Қылмыстық кодекстің бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығыңыздан айрылуыңыз мүмкін.

Құқық қорғаушылардың ескертпесі - халқымыздың «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөзіне саяды. Ұрланған затты алған жағдайда, елдегі бүлікке қатысты деп айыпталуыңыз бек мүмкін.

Айнұр Мәулен


Хабарламаларға жазылу